ДІН ИСЛАМ - ДІҢГЕГІМ☝🏻 ШӘУУАЛ АЙЫНДА АТҚАРЫЛАТЫН АМАЛДАР Бірер уақыт бұрын Рамазан айын асыға күтіп, сол айға аман-есен жетсем екен деп жүрген едік, енді міне, Рамазанды да тәмамдап, оның артынша келетін Шәууал айына қадам бастық. Иә, Рамазан – бір адамдар үшін жаңа құлшылықтар мен сансыз сауаптардың бастамасы. Ал біреулер үшін жай ашығу ғана. Мейірімі шексіз Алла Тағала оразаның құндылығын кеш түсініп, сауаптан құр қалғаны үшін сан соғып қалған пендесіне Рамазаннан кейін де мүмкіндіктердің есігін ашып қойды. Сондай есіктің алғашқысы – Шəууал айының оразасы. Мұсылман күнтізбесі бойынша Рамазаннан кейін 10-рет көрінетін ай Шәууал айы деп аталады. Шәууал – Рамазанның біткендігін білдіретін, Айт мейрамының келгенін сүйіншілейтін ай! Ол – Рамазанда жіберіп алған кемшіліктердің орнын толтыру үшін таптырмайтын мүмкіндік! Шәууал айында қандай құлшылықтар атқаруға болады? Шәууалдағы қосымша құлшылықтардың ең негізгісі - алты күндік ораза. Муслимнің "Сахихында" келген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазанда ораза тұтып, сосын оның артынан Шәууалда алты күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады» - деген. Бұл хадис Шәууалдағы алты күн оразаны тұту Аллаға сүйікті амал екенін білдіреді. Ғалымдар хадистегі "артынша ұстаса" деген мәтінді айт мейрамынан кейін арасын суытпай жалғастырса деген ұғыммен түсіндіреді. Алайда, бұл алты күнді Шәууалдың ортасында, я болмаса соңында, дүйсенбі, бейсенбі күндері, арасына күн салып ұстаса да рұқсат етіледі. Сонымен бірге үзірлі себептермен оразасын ұстай алмай қалған адам қаза күндерінің орнын да осы Шәууал айында толықтырып алуға мүмкіндігі бар. Алдымен Рамазан айының қазасын өтеп, кейін Шәууал айындағы нәпіл оразаны ұстайды. (Мәлімет " Асыл арна" парақшасынан алынды :)

Теги других блогов: Рамазан Шәууал айы құлшылықтар