толық оқышы ДІН ИСЛАМ - ДІҢГЕГІМ☝
АЛЛАҒА ЕРКЕЛЕСЕМ...
Өткенде өнерде жүрген бір ауылдас інім дінге қатысты өзін мазалап жүрген кейбір орынды сұрақтарын маған қойып жатты. Әңгіме барысында: "Қайреке, біз енді халықтың алдында еркелеп жүрген жандармыз. Құлшылық ету бәрімізге парыз. Дұрыс. Бірақ Алланың алдында да еркелеп, бес уақыт намазды оқымай-ақ қойсақ болмай ма?" - деп айды аспаннан бірақ шығарды.
Мен сәл кідірдім де: "Мысалға сен сахнаға шығып өз өнеріңді халыққа көрсеттің. Елдің бәрі өнеріңе тамсана қол шапалақтап, ризашылығын білдіріп жатыр. Тіпті біреулері өнеріңе қайран болғаны соншалық, еріксіз орындарынан тұрып кеткен. Осы сәтте көрермендер арасында бір кісіге көзің түсті. Әлгі адам да ешқандай реакция жоқ. Сен кейіннен оған "өнерім ұнамады ма?" - дейсің. Сонда әлгі адам: "Ұнады. Бірақ саған еркелегендіктен, өнеріңе таң қалмай-ақ қояйын" - деп шештім десе, қандай ақымақ жауап болар еді. Таң қалып, қайран болудың еркелікпен қандай қатысты бар. Адам кез-келген ұнаған нәрсесіне еріксіз түрде тамсанып, таң қалады. Міне, намаз да ең әуелі Алланың аса құдіреті мен құзіретінің, шексіздігі мен шеберлігінің, ұлылығы мен кемелдігінің алдында таң қалып, "Аллаһу әкбар" яғни, " Уа, Аллам! Сен неткен ұлықсың" - деп қайран қалуды білдірудің нақты көрінісі емес пе?
Немесе сен біреуді ажалдан құтқарып қалдың, сосын оны жақсылап киіндіріп, қарнын тойдырып шығарып салдың. Бірақ әлгі адам сенің жасаған жақсылығың үшін алғысын білдіріп, рахметін айтпады. Осының бәріне куә болып тұрған үшінші бір адам әлгіге: "Сен қандай адамсың, мына кісінің осыншама жақсылығын көрдің. Ең болмаса, кетеріңде рахметіңді айтып, ризашылығыңды білдірмейсің бе?" - дейді. Сонда әлгі адам: "Мен еркелегендіктен алғыс айтпай-ақ қояйын" - деп шештім десе, осы жауабы ақылға қонымды жауап бола ма? Әрине жоқ. Себебі жақсылық алдында қарыздарлығыңды сезінуің, сол үшін алғысыңды білдіруің адамгершіліктің белгісі. Оның еркелікпен ешқандай қатысы жоқ. Ал енді Алла адамды жоқтан бар етіп жаратты, көретін көз, сөйлейтін тіл, ойлайтын ақыл берді. Он екі мүшеңді тегін сыйлады. Бойыңа түрлі қабілет берді. Жарығы мен жылуын төгіп тұрған Күнді адам үшін арайлап атырып, алаулап батырып қойды. Құлым жесін деп дәмі тіл үйіретін сан-алуан жеміс-жидекті тарту етті. Етін жеп, сүтін ішсін, жүні мен терісін пайдалансын деп жан-жануарды адамзаттың қызметіне ұсынды. Қысқасы, айналамыздағы барша әлем бізге қызмет етуде. Ендеше, осының бәріне құлшылық арқылы алғысымызды білдірудің еркелікпен қандай қатысы бар" - дедім. Інім еріксіз бас изеп отыр. "Қайреке менің мына сұрағым шынымен де тым ұят екен" - деп қатты қысылып қалды. Келесі бір кездескенімде артыма ұйып намазын оқып жатты. Аллаһу әкбар!
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ
islam.kz