Бүгін белгілі ғалым, исламтанушы, ҚМДБ ғұламалар кеңесінің мүшесі, "Сарыағаш" медресесінің директоры Әбсаттар Сманов ағамыз дүниеден озды. Бәріміз Алладан келдік және Оған қайтушымыз. Ғалымның дін саласында атқарған еңбегін Алла Тағала қабыл етіп, ол кісіні Өз рақымына алсын демекпіз. Cманов Әбсаттар Шәкірұлы 1966 жылы қазанның  5-жұлдызында Шымкент облысы Сарыағаш ауданы, Ленин совхозында (қазіргі ОҚО, Сарыағаш ауданы, Жартытөбе ауылдық округінің Ынтымақ елдімекенінде) дүниеге келген. Әкелерінен 8 ағайынды: 3 әпкесі, 1 қарындасы бар.  Үлкен ағасы Абдішүкір қайтыс болған, одан кейінгі ағасы - Абдужаппар, інісі - Абдуғаппар. 1973 жылы М.И.Калинин атындағы орта мектепке барып, оны 1983 жылы бітірді. 1984 -1986 жылдары әскери борышын өтеді. 1987 жылы еркін күрестен спорт шебері кандидаттығын қорғады.1987-1989 жылдар аралығында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Сарыағаш балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде қазақша күрестен жаттықтырушы болып қызмет етті. 1989-1993 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласындағы Имам әл-Бұхари атындағы Жоғары Ислам институтын үздік дипломмен тәмамдаған. 1995-2010 жылдар аралығында «Таяқты Ешан» мешіті жанындағы       « Убай ибн Кааб» медресесін басқарды. 2002-2004 жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің магистратурасын үздік бітірді. 2009 жылдан бері ҚМДБ жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі. 2008 -2010 жылдар арасында Құран Кәрімнің қазақ тіліндегі аудармасын жазып шықты. 2011 жылы «Руханият»Халықаралық мұсылман университетінің Ғылыми кеңесі — теология профессоры академиялық атағы берілді. 2015 жылы Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаев Сманов Әбсаттар Шәкірұлын Қазақстан Республикасының ел бірлігін нығайту, бейбітшілік пен келісімді сақтау және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен марапаттады. 2016 жылы «Сарыағаш медресе колледжінің» директоры болып тағайындалды. 5 ұл, 1 қызы бар, барлығын білімді әрі діндар етіп тәрбиелеген, ұл-қыздарына Алла Тағаланың ұлы кітабы Құран Кәрімді жаттатып, асыл дінімізді үйретіп кетті. Бұл Әбсаттар ағамыздың "Асыл арна" телеарнасына берген соңғы сұхбаты еді...